Қазақстан егемендігіне 20 жыл!

Қазақстан егемендігіне 20 жыл !
Биыл еліміз тәуелсіздігінің мерейтойын атап өтуге әзірленуде. Егеменді Қазақстанға 20 жыл толады.
Енді алыста қалған 1991 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі туралы Конституциялық заң қабылданған болатын, бұл қоғамның, адам құқықтары мен бостандықтарының, меншіктің, саяси  плюрализмнің және билік бөлінуінің негізгі қағидаларын бейнелейтін құқықтық, саяси және идеологиялық құжат. Осы іргелі  ережелер Конституцияның негізін қалады.
Еліміздің азаматтары үшін осы бір ерекше күн ел тарихының ескі сатысының аяқталып, Республикамыздың дамуының жаңа кезеңінің басталуының белгісі болып табылады.
Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы кемелді тәуелсіз мемлекетке айналды. Жиырма жылдық мерзім ішінде елімізде кең көлемді мемлекеттік түбегейлі өзгерістер орын алды. 2 палаталы Парламент құрылды, сот жүйесінің негізі қаланды, жаңа елорда салынды. Қарулы күштер, Республикалық ұлан, шекаралық әскерлер және әскери теңіз флоты пайда болды. Қазақстан өз аумағында ядролық қаруды пайдаланудан өз еркімен бас тартып, өзін ядролық қарусыз ел ретінде жария етті. Өткен жылы біз Кедендік одаққа кірдік.
Бұрынғы экономикалық жүйе толығымен өзгертілді, бүгінде біз дамушы нарықтық экономикасы әлемдік экономикалық жүйеге енген елде өмір сүріп отырмыз. Қазақстан шетелдік инвестицияларды тарту жағынан ТМД және Шығыс Еуропа елдері арасында алдыңғы қатарға шықты. Сонымен бірге әлеуметтік және зейнетақы төлеу салаларында маңызды реформалар жасалды.
Еліміздің халықаралық саясаты мемлекеттің егемендігі мен тәуелсіздігінің дүниежүзілік кепілдігіне қол жеткізуге бағытталды. Ауқымды, әрі жемісті жұмыс жасалды. 120-дан аса ел Қазақстанды ресми түрде танып, тату дипломатиялық қарым-қатынас құрды. Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымының толық құқылы және белсенді мүшесі болып отыр, сондай-ақ еліміз Еуроодақ, Еуропалық Қайта құру және Даму Банкі, Халықаралық Валюта Қоры, Халықаралық Атомдық Энергия Агенттігі, Қызыл Крест, ЮНИСЕФ және ЮНЕСКО сияқты аса беделді халықаралық ұйымдармен ынтымақтастығын күшейтуде. Бүгінгі күні Қазақстан Халықаралық алаңда атақты, әрі танымал деп сенімді түрде айта аламыз.  
Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған жарқын және есте қаларлық алғашқы жолдауы 1997 жылдың күз айында жасалды. Экономикалық күшімізді нығайту процесі сол жолдаудан басталды. Бұл «Қазақстан-2030», еліміздің өркендеуінің ұзақ мерзімді стратегиясы.
2006 жылы Елбасымыз атап өткендей – «Түрлі саясаткерлер, сарапшылар, бақылаушылар тарапынан еліміздің болашағы жөнінде сынап-мінеген, өткір, тіпті кейде қисынсыз пікірлер, ойлар, болжамдар аз болған жоқ. Сондықтан, ең алдымен, біз мемлекетіміздің тұрақты және тәуелсіз дамуының стратегиялық бағдарламасын қабылдадық. Кейіннен, ойға алған мұраттарымызды жүйелі түрде іске асыра отырып, жылдан жылға алдымызға жаңа мақсаттар қойып, қазір мақтан тұтуымызға әбден болатын биік белестерге қол жеткіздік».
Сол жылы Президент еліміздің жетістіктеріне баға берді: «Тәуелсіздік біздің рухымызды көтеріп, келешекке деген сенімімізді нығайтты. Ата-бабаларымыз салған сара жолдың тарихи сабақтары бізге халықтың бірлігі ел берекесі екендігін айқын көрсетті. Ұлы Абай өсиет еткендей, «өркендеу жолындағы адам баласының бірінші парызы – достарын көбейту». Тағдыр жазуымен қазақ елімен бауырласқан әртүрлі ұлттар мен діндер өкілдірінің арасындағы бейбітшілік, келісім пен достықты өркендеу есігін айқара ашатын алтын кілт ретінде таңдай отырып, біз өзіміздің жарқын болашағымызға қарай нық қадам жасадық.
Өзінің биылғы «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты Жолдауында Елбасымыз әлеуметтік мәселелерді бірінші кезекке қойды. Барлық міндеттерді орындау үшін біз мықты, дені сау және білімді ел болуымыз керек. Сонымен бірге өз Жолдауында Елбасымыз агроөндірістік кешеннің дамуына және ауылдың жалпы дамуына көп көңіл бөлді.
Қазақстан, Ресей және Белорусьтің Кеден одағына орасан зор мән берілді. Тек 2010 жылдың 10 айының нәтижелері бойынша  Ресей және Белорусьпен жасалған сауда көлемі 38 пайызға өсті. Қазақстандық өнімдердің Кеден одағы елдеріне экспорты 52,4 пайызға өсті. Сонымен бірге бюджетке түскен кедендік баж салығының өсімі 25 пайызды құрады. Осының бәрі Кеден одағының үш мемлекеттің экономикалық мәселелерін шешетін, сондай-ақ еліміздің бизнес саласын бәсекеге қабілетті тауарлар шығаруға және қызмет көрсетуге ынталандыратын өте прагматикалық және нақты жоба екендігін көрсетеді.
Үстіміздегі жылдың 17 наурызындағы Дмитрий Медведев пен Нұрсұлтан Назарбаевтың кездесуінде қабылданған Ресей мен Қазақстан арасындағы ортақ шекарадағы кедендік бекеттерді 1 шілдеден бастап алып тастау  туралы шешім Кеден одағын біріктіру ісіндегі сапалы қадам болды.
Жалпы алғанда Қазақстан Кеден қызметі сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған белсенді шаралар жүргізуді жалғастыруда. Кеден одағының құрылуына байланысты ҚР кедендік заңнамасын жетілдіру жөніндегі 2009 жылы басталған жұмыстар Кеден одағының Кедендік кодексін әзірлеу барысында жалғасын тапты,  бұл туралы Келісімшарт 2010 жылы бекітілді. Сонымен қатар осы жылы «Қазақстан Республикасындағы кеден ісі туралы» ҚР  Кодексі қабылданды. Кеден ісі саласындағы қатынастарды реттейтін осы Кодекс  Кеден рәсімдерін жеңілдету және үндестіру туралы Халықаралық Конвенцияның стандарттарына және ұсынылған ережелеріне негізделген.
Өзара саудадағы тауарларға кедендік тазарту және бақылау жасау жойылған Кеден одағының бірыңғай кеден аумағы туралы ұғым пайда болды; транзиттің бірыңғай шарттары жасалды; кеден ісі саласында қызмет ететін тұлғаларға қатысты бірыңғай талаптар белгіленді; сенім білдіруші тұлғаның мүддесі үшін арнайы жеңілдіктерді пайдалануға және белгілі бір кедендік операцияларды жүзеге асыруға құқылы Уәкілетті экономикалық операторлар, Кедендік өкілдер институттары енгізілді.  
Кедендік рәсімдеу кезіндегі міндетті құжаттардың тізімінен Сыртқы экономикалық қызметке қатысушы карточкасы алынып тасталды, тауарларды кедендік мағлұмдау кезінде кеден органына тапсырылатын міндетті құжаттардың тізімі 3-ке дейін қысқартылды, қазіргі кезде оған  кедендік мағлұмдама беруші тұлғаның өкілеттігін растайтын құжат;  коммерциялық құжаттар; көліктік (тасымал) құжаттары кіреді.
Кеден органының тауарларды өткізу мерзімі кедендік мағлұмдаманы тіркеу күнінен кейінгі 1 жұмыс күніне дейін қысқартылды, ал тауарлардың жекелеген категорияларына қатысты тауарларды өткізу мерзімі 4 сағатқа дейін қысқартылды. Көрсетілген мерзім ішіне кедендік бақылау жүргізу уақыты кіреді. Кедендік бақылау жүргізу кезінде кеден органдарының іс-әрекеттері іріктеп жүргізу қағидасына негізделеді және кедендік бақылаудың кедендік заңнаманы орындауды қамтамасыз етуге жеткілікті түрлерімен шектеледі.
2010 жылдың қазан айынан бастап кедендік мағлұмдаманы тексеру және кедендік бақылау тәуекелді басқарудың автоматтандырылған жүйесін қолданып жүргізіледі.  Осы жүйе шеңберінде тәуекелді басқару жүйесін пост-кедендік бақылау кезінде қолдану алғашқы рет көзделген.
Пластикалық төлем карталарының жүйесін қолдану мақсатымен барлық кеден органдары мен кеден бекеттерінде  шамамен 200 сауда терминалдары жұмыс істеуде.
Қомақты тауарларды кеден қоймасына іс жүзінде орналастырмай (кеден органының жазбаша рұқсаты болған жағдайда және кеден төлемдерінің төленуін қамтамасыз ету шартымен) кеден қоймасының кедендік рәсімдеуіне орналастыруға жол беретін ереже енгізілді.
Көліктік және коммерциялық құжаттарды транзиттік мағлұмдама ретінде қолдануға болады. Тауарларды уақытша сақтауға орналастыруды растайтын құжат ретінде қысқаша мағлұмдама орнына  көліктік, коммерциялық құжаттар немесе транзиттік мағлұмдама қабылданады.
Шекарада кеден органдарына бақылаушы органдардың іс-әрекеттерін үйлестіру, тауарлар мен көліктерге берілген құжаттарды қабылдау және беру қызметін жүктейтін біріктірілген кедендік бақылау енгізілді.
Бақылаушы органдармен бірлескен қашықтан бақылау жасау үшін  Оперативті басқару орталығына 20-дан аса кеден органдарының жұмыс орындары және мемлекеттік шекарадағы 60-тан аса көлік өткізу бекеттері қосылды.
Тауарлар мен көліктерді Кеден одағының сыртқы шекарасынан алып өтуді бақылауды күшейту мақсатымен шекараны бақылаудың аймақтық орталықтары құрылуда, темір жол, әуе және теңіз көліктерін ведомствоаралық бақылау жүйесіне қосылу жүргізілуде.
Тауарларды және жолаушыларды өткізу бекеттерінде контактсыз тексермелеуге арналған кедендік бақылаудың техникалық құралдары орнатылды.
Кедендік құжаттардың электрондық көшірмелерін тегін түрде жасауға және кез келген кеден органының мекенжайына Интернет желісі арқылы  жолдауға мүмкіндік беретін «Web-декларант» электрондық мағлұмдама берудің бағдарламалық кешені тәжірибелік пайдалануға берілді.
Кедендік реттеуді жетілдіру, кеден ісіне әкімшілік жүргізудің тиімді әдістерін енгізу  мақсатымен   барлық аймақтарда кеден ісін жетілдіру мәселелері бойынша консультациялық кеңестер жұмыс істеуде.
Кедендік бақылау комитеті кәсіпкерлермен және олардың қоғамдық ұйымдарымен іскерлік қарым-қатынастарды жолға қою бойынша белсенді жұмыс жүргізеді. Орталық аппаратта және аймақтық кеден органдарында кедендік саясат бойынша Қоғамдық Консультациялық Кеңестер құрылды, олардың құрамына кеден бөлімшелерінің қызметкерлері және мемлекеттік органдар жұмыскерлерімен қатар, кәсіпкерлік құрылымдардың өкілдері мен олардың қоғамдық ұйымдары кірді. Консультациялық Кеңестердің құрылымы және олардың мүшелерінің арасындағы қарым-қатынастар серіктестік қағидаларына негізделіп құрылған  және кеден ісі саласындағы күрделі мәселелерді тығыз өзара байланыс жасап шешуге мүмкіндік береді. Сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар, кәсіпкерлер, брокерлер және мағлұмдаушылар қатысатын «дөңгелек үстел» уақытылы өткізіледі.
Еліміздің барлық кеден бөлімшелерінде тәулік бойы жұмыс істейтін «сенім телефондары» орнатылған, олар арқылы кез келген тұлға кеден органдарының жұмысындағы кемшілік деректері туралы хабарлай алады.
    Өз қызметіне әділетті баға беру және қоғамдық пікірді зерделеу мақсатымен  кеден органдары сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларға уақытылы анонимді сауалнама жүргізеді. Осы мақсатпен кеден органдарының тапсырысы бойынша социологиялық зерттеуді кәсіпкерлердің қоғамдық бірлестіктерінің тәуелсіз қызметтері де жүргізеді.  
Кеден органдарында Елбасымыздың халыққа Жолдауындағы нормалар мен ережелерді насихаттау, түсіндіру және халыққа жеткізу  шараларына ерекше көңіл бөлінеді.
Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алған осы жылдар ішінде кеден қызметі алдында – қысқа мерзім ішінде кеден ісі жүйесін құру және халықаралық стандарттар деңгейіне дейін дамыту – қажеттілігі туды. Шындығында ең басынан бастап, заманауи дамыған мемлекеттердің алдыңғы қатарлы кедендік ұйымдастыру жүйесі деңгейіне жету керек болды.
Қазақстандық кеденнің қалыптасу кезеңі аяқталды, енді ол кеден қызметі дамуының заманауи деңгейіне сәйкес жаһандық мәселелерді шешуге көшеді. Экономикалардың бірігуі мен жаһандануы кеден ісіне әкімшілік жүргізу жүйесіне өзгерістер енгізбей қоймайды. Кеден өзгерістерге дайын болуы керек, болып жатқан оқиғаларға жауап берудің тек бір ғана жолы бар – жаңа жағдайларға бейімделу, тиісті өзгерістер енгізу және ахуалдың әрі қарай дамуын алдын ала болжауға тырысу. 
Бүгінгі күні рәсімдерді одан әрі жеңілдету, құжат айналымын қысқарту, кеден органдары көрсететін қызметтерді жетілдіру жолдарын іздестіру жүріп жатыр. Кеден органдары өз құзыреттері шегінде Қазақстан Республикасының егемендігін және экономикалық қауіпсіздігін, қоршаған табиғи ортаны қорғау және азаматтардың денсаулығын қамтамасыз етуге бар күштерін салады.
Кеден органдары қоғам өмірінде  елеулі рөл атқарады және елімізде болып жатқан экономикалық  процестерге іс жүзінде әсер ете алады. Сондықтан Кедендік бақылау комитеті сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларға қолайлы жағдай жасауға және кеден ісіне әкімшілік жүргізудің тиімді түрлерін және әдістерін енгізуге, жаңа ақпараттық және  коммуникациялық технологияларды жаңғыртуға, есірткі тасымалы мен лаңкестікке қарсы күресті күшейтуге және дамытуға бағытталған нақты шаралар жасауда.  
Әнуар Шөжеғұлов
Маңғыстау облысы бойынша Кедендік бақылау департаменті бастығы
ҚР ҚМ Кедендік Бақылау Комитеті